Елордада жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі комиссия жұмысы аяқталды.
Бірінші лекте 2025 жылғы 21 мамырынан 03 маусымына аралығында 541 азамат грант алуға өтініш берді.
Ағымдағы жылдың 5-12 маусымы аралығында грант алуға үміткерлер бизнес-жобалар бойынша қорғауды жүргізді. Конкурстық комиссия шешімінің қорытындысы бойынша 61 үміткерге гранттар беру мақұлданды.
Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттар халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы адамдарға конкурстық негізде 400 еселенген АЕК мөлшеріне дейін беріледі, оларға мыналар жатады:
1) атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
2) көп балалы отбасыларға және (немесе) оның жұбайына (зайыбына) төленетін жәрдемақыларды алушылар;
3) асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алушылар;
4) қоныс аударушылар;
5) қандастар;
6) еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар;
7) мүгедектігі бар бала (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған адамдар және (немесе) оның жұбайы (зайыбы).
Гранттар жұмыссыз немесе дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу мерзімі үш жылдан аз дара кәсіпкер ретінде грант алуға өтініш бергенге дейін тіркелген жағдайда халықтың әлеуметтік осал топтарына беріледі.
Үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс.
Комиссия отырысы мансап орталықтарының әлеуметтік желілерінде тікелей эфирде трансляцияланады.
Комиссия шешімімен оң қорытынды алған бизнес-жобалар:
— тамақ өнеркәсібі — 13;
— тігін ісі — 14;
— білім беру қызметтерін көрсету — 8;
— тұрмыстық сервистік қызметтер көрсету — 1;
— өнер, спорт, ойын-сауық, демалыс, күтім және сұлулық саласындағы қызметтер — 10;
— медициналық және әлеуметтік қызметтер — 4;
— өндіріс және өнеркәсіп — 3;
— көтерме және бөлшек сауда — 1;
— автомотокөлік құралдарына сервистік қызмет көрсету — 2;
— әкімшілік, басқарушылық және ақпараттық қызмет, делдалдық қызметтер — 1;
— қызметтің басқа түрлерін ұсыну – 4
Айта кету керек, гранттар тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді.