Жұмыс берушілердің халықты жұмыспен қамтуға қатысуы
- Жұмыс берушілер халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға келесі жолдармен қатысады: Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес еңбек және ұжымдық шарттардың талаптарын сақтай отырып, жұмысқа орналасуға жәрдем көрсету;
- персоналды кәсіптік оқыту жүйесін дамыту;
- техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары арқылы кадрлар даярлау
- құрылымдық өзгерістер барысында білікті жұмыскерлердің кадрлық әлеуетін сақтау және ұтымды пайдалану;
- субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру үшін жұмыс орындарын ұсыну;
- жұмысқа орналасу мәселесі бойынша жүгінген, оның ішінде мансап орталықтары, сондай-ақ жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктері жіберген адамдарды бар бос орындарға ұйымдарда белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес қабылдау;
- мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнаулы жұмыс орындарын құру;
- мансап орталықтарына (еңбек мобильділігі орталығына) және (немесе) Электрондық еңбек биржасына сұранысқа ие мамандықтар бөлінісінде ағымдағы бос орындарды және жұмыс орындарының болжамды құрылуы туралы деректерді беру;
- жұмыс орындарын құру жолымен қатысады.
Жұмыс берушінің міндеттері:
- мемлекеттік қызметшілердің, сайланбалы мемлекеттік лауазымдардың, Қазақстан Республикасы Парламенті және мәслихаттары депутаттарының, судьяларының, әскери қызметтегі адамдардың, арнаулы мемлекеттік органдар, құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі мен оның ведомстволары, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган жұмыскерлерінің бос лауазымдарын қоспағанда, бос орындар пайда болған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде бос орындардың бар-жоғы туралы мәліметтерді Электрондық еңбек биржасына еңбек жағдайлары мен төлемін көрсете отырып орналастыруға;
- мансап орталығына (еңбек мобильділігі орталығына) жұмыс беруші- жеке тұлғаның қызметінің тоқтатылуына не жұмыс беруші-заңды тұлғаның таратылуына, жұмыскерлер санының немесе штатының қысқаруына, жұмыс берушінің экономикалық жай-күйінің нашарлауына алып келген өндірістер және орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер көлемінің төмендеуіне байланысты алдағы уақытта жұмыскерлердің жұмыстан босатылатыны туралы, босатылу қатысты болуы ықтимал жұмыскерлердің саны мен санаттары туралы ақпаратты жұмыстан босатылатын жұмыскерлердің лауазымдары мен кәсіптерін, мамандықтарын, біліктілігі мен еңбегіне төленетін ақының мөлшерін және олар босатылатын мерзімдерді көрсете отырып, босату басталғанға дейін бір айдан аз уақыт бұрын жазбаша немесе Электрондық еңбек биржасы арқылы толық көлемде беруге;
- жұмыс беруші-заңды тұлға таратылған не жұмыс беруші-жеке тұлғаның қызметі тоқтатылған, жұмыскерлер саны немесе штаты қысқартылған, жұмыс берушінің экономикалық жай-күйінің нашарлауына алып келген өндірістердің және орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің көлемі төмендеген жағдайларды қоспағанда, жұмыссыз адам оқуын аяқтағаннан кейін оны өз өтінімі бойынша мәлімделген жұмыс орнына орналастыруға немесе мансап орталығының (еңбек мобильділігі орталығының) оқытуға жұмсаған шығыстарын өтеуге;
- жұмыс беруші-заңды тұлға таратылған не жұмыс беруші-жеке тұлғаның қызметі тоқтатылған, жұмыскерлер саны немесе штаты қысқартылған, жұмыс берушінің экономикалық жай-күйінің нашарлауына алып келген өндірістердің, орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің көлемі төмендеген жағдайларды қоспағанда, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін белгіленген квотаны орындауға;
- жұмысқа қабылдау үшін бос орындар туралы ақпаратта еңбек саласындағы кемсітушілік сипаттағы талаптарға жол бермеуге;
- Әлеуметтік кодекске сәйкес зейнетақы аударымдары мен әлеуметтік аударымдарды жүргізуге;
- Әлеуметтік кодекске және Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңнамасына сәйкес жұмыскерлердің аударымдарын және (немесе) жарналарын есептеуге (ұстап қалуға) және аударуға (төлеуге).
Жұмыс берушінің құқықтары:
- өзіне тікелей жүгінген адамдарды мансап орталықтары, сондай-ақ жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктері жіберген адамдармен теңдей жағдайда жұмысқа қабылдауға;
- еңбек нарығының жай-күйі туралы ақпаратты өтеусіз негізде алуға;
- мансап орталықтарынан жұмыссыздарды іріктеу және жұмысқа орналасуға жіберу бойынша көрсетілетін қызметтерді алуға;
- уақытша жұмыс орындарын ұйымдастыруға қатысуға;
- мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнаулы жұмыс орындарын құруға субсидия алуға.